ТАРИХ - ТАҒЫЛЫМ

СЕРДАЛЫ БЕКШОРИННІҢ АТА-ШЕЖІРЕСІ

Қазақтың алтын арқауы – рулар бірлігі. Көшпелі, ұлан байтақ даланы кең жайлаған елдің табысатын да, танысатын да тұтқасы ру еді. Қазақтың руы – рулық сипаттағы басқа халықтың жіктелудің бірінші белгісі. Осылайша, әлімсақтан сақталған рулық дәстүр ұлтымыздың алдында тарихи рөлін өз мәнінде атқарды. Кейінгі ұрпақ кешегі рулық құрылыс алдында борышты. Ендеше ру – ұлтымыздың еншісінен айыратын емес, қосатын рух. Қазақ дегенде, рулық мүдде қаралмайды. Бұл әркімнің кеудесіндегі қасиетті ұғым болуы тиіс.

Мерзім келгесін ай-күн, жыл да өледі. Уақыт өлсе де өлмей, рухы бүгінге жеткен, Төртқара аталығынан тамыр таратып, күллі қазаққа тұлға болған би-батырларымыздың есімі ұмытылған жоқ. Ең сенімді кітап-халықтың санасы екен,олар санада сақталды. Бұл қасиетті есімдер бес ғасырдан бергі ұрпақтың тілінентіліне емес, қанынан қанына көшіп отырды.

Қасиет қонып, кие дарыған Төртқара атаның ұрпақтарынан кешеде, бүгінде билігімен, ерлігімен елді аузына қаратқан талай перзенттер болды.Олар киіз үйлі қазақтың бір шаңырағында туып,алдымен ағайын-туысына танылып, сосын үш жүзге әйгіленіп, ал, тұтас бір ұлтқа тұлға болды. Бес ғасырдың ішінде әмбеге аты аян болған бес жүз адамның атын түгел айтып шықса да, болар еді.Өкінішке орай,жақсылар мен жайсаңдар жөнінде деректер түгел емес.Аты аталмаған әруақ алдында кешірім сұрап, келешек олар жайлы ұрпақ болып ізденіп, рухын көкке көтереміз деп сендіргім келеді. Солардың бірі, Төртқара ұрпақтарының дара тұлғасы – Сердалы Бекшорин болатын.

Сердалы Бекшорин деген кім? Негізгі ата-тегі кімнен тараған? – деген сұрақ туындайды. Осы сұрақтың жауабы ретіндегі төмендегі зерттеулер осының дәлелі бола алды.

Орта Азияның ортақ перзенті, сегіз жүйе Сейітқұлдың бір парасы Жалаңтөс еді.Төртқараның бір ұлы Ораздың аты Үргенішке қатысты тарихта айтылып қалып жүр.Қараштың баласы Сейітқұл қырық мың шаңырақ қазақпен Самарқан жайлап, Шығай ханмен дос-жора болыпты дейді.Ендеше, Жалаңтөс баһадүрдің 1576 жылы осы өңірде туды деген тарихи мәліметке жанасады.

Сонымен қатар, халықты заманында «Атасы жоқтың ауызы үлкен» деп, тексізді парақорға балап, ой тізгінін тектен-тек қолына ұстата салмаған. Би, тектілік қасиет Сердалыға әріден келген.

Қазақ тарихына мәлім Сейтқұл қажының сегіз баласы болады. Ел аузында «Сегіз жүйе Сейтқұл» деген ат содан қалған. Сейтқұлдың үлкен баласы Ақшадан қазақтың төре биі Әйтеке туады. Сейтқұлдың өз кіндігінен есімі Еуразияға әйгіленген батыр Жалаңтөс дүниеге келген. Сейтқұлдың Төлестен туған немересі Тасым батырдың есімі өз дәуірінде қазақ хандығына әйгіленген еді. Жалаңтөс бидің қолдауымен қалмақ басқыншыларына қарсы 13 мың қолды бастап шықты деген сөз бар.

Тасымнан Алдаберді, Алдабердіден Бекшора, одан келіп, Сердалы Бекшораұлы топырақ жайған.

Деректерге сүйенсек: Кіші жүздің ұлы биі Әйтекені білмейтін қазақ жоқ. Әйгілі Алшын Жалаңтөс баһадүрді ше?

Қазақ оқымыстысы Халел Досмұхамедов Алшын Жалаңтөс батырдың шежіресін былай тарады:[«Жалаңтөс-қазақ. Руы – Кіші жүз ішіндегі Әлім. Әлім – Қарамашақ – Ораз – Тоқпан – Сейтқұл – Жалаңтөс. «Енді Әйтеке бидің тегін таратыпкөрелік: «Әлім – Қарамашақ – Ораз – Тоқпан-Сейтқұл…». Яғни, Әлімнен Төртқара тараса, Төртқарадан «Сейтқұл» аттыбір ата тарайды. Ел ішіндегі шежіре бойынша «Сегіз Сейтқұл», кейде «Сегіз тарау Сейтқұл» дейді.]. Түптеп келсек, Әйтеке би де, Жалаңтөс баһадүр де, Сердалы Бекшорин де – Сейтқұл, бір атадан тарайды. Жалаңтөс – қазақ. Руы – Кіші жүз ішіндегі Әлім. Әлім – Қарамашақ – Ораз – Тоқпан – Сейітқұл – Жалаңтөс тараған.

Кіші жүз руынан алты ата Әлімнен тарайтын Төртқара (Қарамашақ), Қарамашақтан Оразкелді, Ораз, Жаншүгір, Қарамашақтың төрт баласының тұқымы осы Әлімнің ішінде «Төртқара» атымен мәлім болды. Қарамашақ (төртқара) ұраны «Айыртау» таңбасы – V (аша, 109 айыр). Үш жүз ұлық еткен Әйтеке би Қарамашақтан, Тоқпанның бауырынан Сейтқұл атаның ұрпағы. Сейтқұл Шағай халқына көп жыл бөліп, ауыл кеңесшісі болған. Сейтқұлдан сегіз бала: Сейтпембет, Төлес, Ақша, Жалаңтөс, Дүйсеней, Матай, Түркімен Қоян (Қожақұл). Осы сегіз бала «Сегіз жүйе Сейтқұл» деп аталған. Әйтеке би Жалаңтөс баһадүрдің туған ағасы Ақша бидің баласы Бәйбектен туады. Әйтеке мен Жалаңтөс шөбере. Екеуінің арасы 70 жас шамалас.

Сейтқұлдан, сегіз ұлдың бірі Төлестен Тасым батыр туады. Тасым батыр – тарихта белгілі тарихшы ғалымдардың зертеулерінде есімі жиі аталады. Сердалы Бекшорин осы Тасым батырдың туған шөбересі.

Сегіз тарау Сейітқұлдан Әйтекеден кейін Әйтекедей ұлы би болмағанмен, Әйтекеге жетеғабыл парасатты билер, Жалаңтөстен кейін Жалаңтөс баһадүрдей ұлы қолбасшы болмағанымен, Жалаңтөстің ізіне ерген ерен батырлар, би-болыстар, ел басқарған көсемдер, шешен, ақын, топты жарған өнерпаздар, оқымыстылар өте көп шыққан. Сердалы Бекшорин, міне осындай текті ортада жаратылып, текті ортада өсіп-өнген. Қазақта «Жеті атасынан бері қарай билік, байлық, бақ-береке үзілмей келе жатқан тұқым»деген сөз бар емес пе? Сердалы да-осындай көне әрі байырғы қазақ ақсүйектерінің нәсілі. «Сердалыының тегі де – сары алтынның буынан» деп жатқынымыздың бір себебі, осында деп білемін. Десе де, «жақсының аты өшпес» – Сердалының баласы Боранқұлдан Сәтбай туып, олда елге сыйлы кісі екен. Сәтбайдан қазір 2 қыз, 4 ұл бар. Қыздары: Ханзада, Балзада. Ханзададан – Исмайыл, Ысқақ, Хатша. Балзададан – Нағашыбай. Төрт ұлы – Матығұл, Нұрбай, Қарабатыр, Қаражан атты балалар өмірге келген. Олар төмендегідей: Матығұлдан – Қазихан, Әлихан, Әмір, Әнуар. Қазиханнан – Сәкен, Ғани. Әлиханнан – Сәбит, Айбек. Әмірден – Тәңірберген; Әнуардан – Ғалымбек, Диас, Дарын. Нұрбайдан – Бернардо, Нұрлан, Руслан, Азат, Темірлан. Бернардодан – Олжас, Рамазан; Нұрланнан – Нұртас, Манас; Русланнан – Саржан; Азаттан – Шыңғыс, Алмас, Мирас; Темірланнан – Әлішер, Қаражаннан – Арман. Арманнан – Азамат ұрпақтары тараған.

Зерттеу барысында ауыз екі аңыз-әңгіме негізінде өрбітер болсақ.

Тасым батыр туралы былай делінген: Әйтеке би мен Тасым батыр бастаған қол жоңғарлармен күні бойы шайқасады. Ұрыс аяқталып, жоңғар мен қазақ екі жаққа тарап, арнайы дайындалған топ майдан даласынан өліктер мен жаралыларды жинап болған соң, түрі өрт сөндіргендей түтігіп, Тасым батыр Әйтеке биге келіп былай дейді: [«Әйтеке, қан майдан жақсы мен жаманды, жақын мен жатты іріктемейді. Соғыста әділет үшін өлген – шейіт, өлтірген – бәйіт. Елбасына түскен салмақ – ер басына түскен салмақ. Еркек тек қуаныш үшін жаралмаған. Елін қан жұтып жатқанда, қара басым аман болсын деп, ешкім айта алмас. Басқаның дәті жетпеген соң өзім айтып тұрмын. Шыдаймызда… сыр алдырмағайсың… Сейтқұл бабамыздың кіндігінен тараған бауырларымыздың жетеуі шейіт кетті. Иман тілегейсің. Жүздері пейіште шалқығай!..»].

Бұл әңгімеге өзіндік көзқарасымды айтар болсам: бір ғана шайқаста, бір ғана Сейтқұлдың кіндігінен тараған жеті бірдей азамат мерт болған. Өңшең өрім жас, кілең батырлар! Тасым батыр мен Әйтеке би – шөбере туыс. Бір-біріне қалай көңіл айтарын білмей, бір-бірін қалай жұбатарын білмей, аңтарылып тұр.

Бір кезде Тасым батыр даусы қалтырай түсіп, соғыста шейіт кеткен жеті туысының: немере, шөбере ағайындарының есімдерін бір-бірлеп түгендей бастайды. «Әйтеке би өн-бойын діріл билеп, тістене ышқынған беті дыбысын шығармастан, омырауына саулаған көз жасын көрсетпеу үшін теріс қарап, безеріп қалды. Құлағы күңгір-күңгір. Әр ағайынның аты аталған сайын жүрегі аунап түсіп, ауа жетпей алқына демігеді. Бәрі-бәрі күні кеше бөрінің күшігінше арпалысып, бірге өскен жеделдес бауырлары. Ақыры, шыдай алмай, атын бүлкектетіп, құла дүзге бағыштады…].

Міне, С.Бекшорин де – бір ғана шайқаста жеті бірдей азаматы шейіт кеткен Сейтқұлдың нәсілі. Елшіл, ұлтшыл, отаншыл, ата қонысын сыртқы жаудан қасық қаны таусылғанша қорғаған, ержүрек батырлардың ұрпағы. Шоғарлы жердің – ірі шоқысы.

Шен-шекпен кигендердің бәрі бірдей қайраткер бола бермейді. Қайраткер – жалпы ұлттық, мемлекеттік деңгейде ойлай алатын, өзіндік қөзқарасы бар дара тұлға.

Пайданылған әдебиеттер: 1. Сердалиев Қ. Дала даналары. А., «Дәуір», 2012, 112 б. 2. Меңдекен Ә. Сердалы Бекшорин. А., 2006. 33-34 бб. 3. Меңдекен Ә. Сердалы Бекшорин. А., 2006. 35 б. Статья посвящена работе с историческим документом – родословной рода Алим, Младшего джуза. На примере рода Сейткул, дается всесторонний анализ происхождение исторической личности, общественного деятеля С.Бекшорина.